Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын жыл соңына дейін жасауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын жасауды тапсырды.

«Жыл соңына таман біз қазынаға 830 млрд теңге қосымша кірістер болатынын күтеміз. Бұл бізге ағымдағы жылдың дағдарысқа қарсы жоспардан, ағымдағы мәселелерді шешуден стратегиялық міндеттерге көшуді де қамтамасыз ететін болады. Яғни, біз дағдарыспен жұмыс істеп, біраз қаражатты сарп еттік, енді дамуға, өсімге жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр», - деді Н. Назарбаев.

Осыған қатысты Елбасы үш негізгі мәселені атап өтті. Оның біріншісін  агроөнеркәсіп кешенін дамыту. «Индустрияландыру бағдарламасына ұқсас жыл соңына дейін «Агробизнес-2020» аясында агроөнеркісіп кешенін дамыту бағдарламасын жасауды тапсырамын. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен оны сараландыруға баса назар аударылуы тиіс. Өнімнің мейлінше сұранысқа ие түрлеріне басымдық берілуі шарт. Ауыл шаруашылығы өңделген өнімдерінің экспортын арттыру қажет. Ұзақмерзімді кредиттеудің қолжетімділігі қамтамасыз етілуі керек», -  деді Н. Назарбаев.