"Халықаралық қаржы орталығын ашу үшін жұмсалған 3 жыл - әлемдегі өзге қаржы орталықтарымен салыстырғанда қысқа уақыт десе болады. Қазіргі күні - Төртінші индустриялық революция кезінде жылдар түгілі айлардың өзі біршама шешуші кезеңге ие. Осы ретте орталықтың ашылуына табандылық танытқан, әлемдегі соңғы трендтерді толық түсініп отырған біздің көшбасшымыздың ерекше қасиеттерін атап өткім келеді", - деді АХҚО басқарушысы.
Қайрат Келімбетовтың айтуынша, 2015 жылдың соңында-ақ Мемлекет басшысы Нью-Йорктегі және Лондондағы бизнес өкілдерімен кездесіп, оларды "Астана" Халықаралық қаржы орталығына жұмыс істеуге шақырды.
"Әлбетте, бұл идеяға әу баста күмәнді баға берілген болатын. Керек десеңіз, 20 жыл бұрын Астананы ауыстырған кезде де, ЭКСПО көрмесін өткізер алдында да күмәнді көзқарастар болғанымен, осының бәріне қарамастан, бүгінгі күні Астана мегаполисінің тамсандырарлық жетістігін көріп отырмыз. Елорданың 20 жылдық тарихымен бірге бүгін "Астана" Халықаралық қаржы орталығы ашылып жатыр", - деді ол.
АХҚО басқарушысы жаңадан ашылып отырған орталық бірнеше органнан - қаржылық регулятор, арбитраж орталығы, АХҚО сотынан тұратынын тілге тиек етті.
"Мемлекет басшысы заңнама саласында ондаған жылғы тәжірибесі бар адамдарды осында шақырды. Осы қарқынды сақтап қалудың маңызы зор. Бірқатар экономистер Қазақстандағы реформаларды тілдік кедергілерді еңсерумен салыстырған еді. Ол да еңсерілді. Президенттің өзі АХҚО-ның шетелдегі насихатын жүргізумен айналысып келеді. Биыл ғана АҚШ-қа ресми сапары кезінде Нью-Йорктегі бизнес өкілдерімен кездесті. Онда Орталық Азия елдерінің басшыларымен, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларымен және ШЫҰ-ға мүше елдердің басшыларымен, Қытай басшысымен кездесті және АХҚО - Орталық Азия үшін аймақтық хаб болуы керектігін атап өткен болатын. Астананың 20 жылдық тарихы - біз асқақ асуларды бағындыра алатынымызды дәлелдеп берді", - деп түйді Қайрат Келімбетов.
Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс холл орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі өтті.