Президент әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты нақты міндеттер қойды - депутат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев жастарды қолдауға мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басында болған оқиғалар мемлекеттік саясаттың әділетті әрі ашық жүргізілуін талап етуде. Келісеміз, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні жастардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерумен тікелей байланысты. Кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек», – деп дөп басып айтты. Сондай-ақ, Президент еліміздегі жастардың шынайы мүмкіндіктері туралы ащы шындықты көрсетті. Жастар арасында адал еңбектің лайықты бағаланбауы, олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлеңкелі лидерге айналуына әкеліп соқтырды. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзып келеді. Тіпті, кейбірі соларға қарап бой түзейтін болды», - деді Е. Бейсенбаев Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, көлеңкелі саудасы орасан, әділетсіз делдалдық жүйе қалыптастырған «Алтын орда» сияқты базарларды заманауи ашық бизнес ортаға айналдыру тапсырылды. Бұл мәселе сондағы жастардың сапалы әлеуметтенуіне шынайы септігін тигізетіні сөзсіз.

«Президентіміздің «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет» деген бастамасы әрбір жастың ұстанымына айналуы тиіс деп есептеймін. Неге десеңіз, Мемлекет басшысы қоғамда ұлтты жегідей жейтін кеселдердің бірі – масылдықты тілге тиек етті. Жұмыс істеудің орнына жақындарына ауыртпашылық салып, өз өміріне деген жауапкершілікті сезінбейтін жастарымыз да баршылық. Әрекетсіздік пен енжарлықтың шырмауында кеткен жастарымызға «еңбек, бәрін жеңбек» қағидатын ұстануға шақырамын. Дәл қазір, елге көмекті еңбекпен көрсететін уақыттың жеткенін мойындауымыз қажет. Әрине, еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз. Сондықтан, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше назар аудару керек. Әсіресе, NEET санатындағы жастардың көбі кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүреді», - деді депутат.

Осы ретте ол 700 мың жұмыс орнын ашу іс жүзінде орындалуы керек екенін атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көптеген мәселені талқылап, алдымызға нақты міндеттер қойды. Бұл міндеттердің басым бөлігі елдің үштен бір бөлігін құрайтын жастарды (14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 6,2 миллион) қолдауға бағытталатыны анық», - деді Елнұр Бейсенбаев.