Президент: Әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж азаматтар ғана алуы тиіс

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек көрсету жүйесінде тәртіп орнату қажеттігін айтты. Бұл туралы ол Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында өткен кеңесте мәлімдеді.

Президент Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екенін атап өтті.

– Біз ешқашан әлеуметтік қызмет көрсетуден бас тартпаймыз. Бұл – Конституцияға сәйкес біздің міндетіміз. Бірақ бұл салада тәртіп орнату қажет. Мемлекеттен әлеуметтік көмек шынымен мұқтаж адамдарға берілуі тиіс. Ал жұмыс істеуге қабілетті, өзін, отбасын, ата-анасын қамтамасыз ете алатын азаматтар еңбек етуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдегі көші-қон мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, бұл салада да жүйелі түйткілдер бар.

– Мен көші-қон мәселесін өткір қойдым. Ол көптеген проблемаларды туындатады. Мысалы, Астанада 400 мың адам тіркеусіз қалып отыр. Әкімдік оларға қызмет көрсетіп, жағдай жасауға мәжбүр. 400 мың адам дегеніміз – тұтас бір қала. Ал ол ешбір статистикада ескерілмеген. Бұл – экономикада да, әлеуметтік саясатта да теңгерімсіздік тудырады. Жалпы алғанда, елде 100-ден астам әлеуметтік көмек түрі бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмекті әділ әрі нақты бағытта ұйымдастыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Шахмат үйіне барды.