Президент алкогольдік өнімнің көлеңкелі нарығын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев алкогольдік өнімнің көлеңкелі айналымымен күресті сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше Бақыт Сұлтановқа (Қаржы министрі) айтқан болатынмын, арақ-шарап ісінде жүрген адамдардың 70-80 пайызы салықтың жанынан жылыстап кетіп жатыр. Түнде шығарады, яғни ресми құжаттарда ескерілмеген қолма-қол ақша жүріп жатыр, айналымда қомақты қаржы  бар. Олар шенеуніктерді бүлдіреді. Нәтижесінде, қаржы бюджетті айналып кетуде. Бұл мәселеде тиісті тапсырма бермейінше, ешкім де қозғалмады. Салықшыларымыз қайда? Осы саладағы адамдар қайда? Осылай жұмыс істеуге бола ма? Көз алдарыңда, осыны көріп отырсыңдар, жоғары жақтан тоқпақ керек», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент әрбір министрге, әр өңірге қажетті құқық берілгенін, өз еркімен жұмыс істеуге жағдай жасалғанын атап өтті.

«Соның өзінде жоғары жақтан тапсырма бергенде ғана қозғаласыңдар. Бұл келеңсіздіктерге қашан нүкте қойылады? Қызметте жүргендердің негізгі бөлігі жас буын ғой. Әлде, құрамды тағы да жасарту керек пе?», - деді Мемлекет басшысы.