«Жетісу облысының стратегиялық мағынасы баршаға белгілі, тарихы да терең. Киелі топырақта Балпық би, Қабан жырау мен Молықбай қобызшы дүниеге келген. Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты ардақты азаматтарымыз өсіп-өнген. Сондай-ақ, қасиетті жерден Әбілхан Қастеев, Ғали Орманов, Мұқан Төлебаев, Әнуар Әлімжанов сынды төл мәдениетіміздің көрнекті өкілдері шыққан. Ел ішінде бұл аймақты «Жетісудың жеті кереметі», «Жер жаннаты Жетісу» деп бекер айтпаған», - деді Мемлекет басшысы кездесуде.
Оның айтуынша, бұрынғы Алматы облысының жер көлемі тіпті үлкен болды.
«Біз жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлдік. Бұл – мұқият ойланып жасалған қадам. Себебі, бұл, ең алдымен, тұрғындар үшін қолайлы екені анық. Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді. Біздің басты мақсатымыз да – осы», - деп атап өтті Президент.