Президент америкалық конгрессмендерді қабылдады

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездесті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Фото: Ақорда

 Президент АҚШ Конгресі Қазақстанмен достық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ — Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды.

Фото: Ақорда

— АҚШ — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл — Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Президент конгрессмендерге елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі. Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Америка парламентінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.

Айта кетейік, Президентке Вашингтонда әлемдік нарыққа шыққан ІТ стартаптар таныстырылды.