Президент Астана әкімдігіне елордада Оқушылардың жаңа сарайын салу мәселесін пысықтауды тапсырды

АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімдігіне елордада Оқушылардың жаңа сарйын салу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Президент бұл тапсырманы бүгін елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қанеки, алдымызға Астанада Оқушылардың жаңа сарайын салу міндетін қоялық. Оның қай жерде орналасатынын, сол жағалауда ма, оң жағалауда ма, пысықтау керек», деді кеңесте Н. Назарбаев.

Елбасы мұндай сарайды салуға Астанада қосымша білім беру жүйесінде қордаланып қалған проблемалар түрткі болып отырғанын атап көрсетті. «Астанада не бар? Қосымша білім беру жүйесінде үйірмелер жоқтың қасы. Қазақ тіліндегі секциялар мүлдем жоқ. Бізде жұмыс істеп тұрған Оқушылар сарайы бар, алайда ол балалардың  орталығына айналмады. Сондықтан, оған жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ал жалпы алғанда оқушыларға қосымша білім беретін орталық салу қажет. Бұны міндетті түрде істеу керек», деді Мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, мұндай орталықтарда оқушылар әртүрлі дүниелерге машықтанып, бір-бір мамандықты игеріп шығулары тиіс.  «Қосымша білім беру жүйесінде  жинақталып қалған проблеманы шешу қажет. Балалар бос уақыттарында үйірмелерге, спорттық секцияларға барулары тиіс», деп толықтырды сөзін Президент.