Президент: Астана қаласының мәдениет пен білім ордасы болуы қажет екенін ұдайы қаперде ұстап келемін

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл Елордамызда Өнер университеті пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астанада Наурыз мейрамына арналған мерекелік кеште Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқапарат.

«Мен өз тарапымнан елордасы - Астана қаласының мәдениет пен білім ордасы болуы қажет екенін ұдайы қаперде ұстап келемін. Халық игілігіне ұсынылған Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры, консерватория, Руханият пен келісім сарайындағы концерт залы, биыл іргесі қаланатын Опера және балет театрының жаңа ғимараты соның жарқын айғағы», деді Н. Назарбаев.
Елбасы биыл Елордада Өнер университеті пайдалануға беріліп, Халықаралық жаңа университет ашылатынын жеткізді. «Заманауи технологиямен жабдықталған, халықаралық деңгейдегі бұл мәдениет және білім ошақтары Қазақстанды жаңа белеске көтереді деп білемін.
Ұлттық мәдениет пен өнерге деген қамқорлық алдағы уақытта да жалғаса береді»,-деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы бұл жетістіктердің барлығы еліміздегі тыныштық пен татулықтың, қоғамдағы береке мен бірліктің арқасы екенін жете түсіну қажет деп қадап айтты.