«Қала аумағында құм мен қиыршық тасты заңсыз өндірудің фактілері бар. Әсет (Астана әкімі Исекешев), осыған назар аудар. Олар кімдер?»,-деді Президент «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысына және Астананы дамытуға арналған кеңесте.
Өз кезегінде Ә. Исекешев бұл карьерлер қала шекарасынан тыс аумақта болғанын, ал елорданы кеңейту кезінде шаһарға жақындай түскенін жеткізді.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы тәртіпті бақылап отыру қажеттігін қадап айтты. 3 жылда Астанада құм мен қиыршық тасты өндірудің 14 заңсыз фактісі анықталған. Бұндай жағдайлар қаланың көрінісін бұзып, ұқыпсыздықты байқатады.
Осы орайда Н. Назарбаев Астана әкіміне Ақмола облысының әкімімен бірлесе отырып, мұндай фактілердің алдын алуға байланысты тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.