Президент Астанадағы базарларды тәртіпке келтіруді жүктеді
«Пайдаланылып жатқан базарлардың адам қарағысыз түрлері бар. Мемлекет шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасауда. Өз кезегінде, әсіресе астаналық базар қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жұмыс істеуі тиіс»,- деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, азық-түлік тауарларын саудалайтын қаладағы он бес базардың ішіндегі үштен бірінде сапа бойынша өкілетті органдардың қорытындысы жоқ.
«Қалай болса солай жұмыс істеп, салықтарды төлемей жатыр. «Еуразияның» бір өзі миллиард теңге салық төлемеген. «Шанхай» базарында санитарлық талаптар сақталмаған», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.
«Бұл тұрғыда бұл базарларды жауып тастау керек деген мәселе көтеріліп отырған жоқ. Оларға тиісті талаптар қойылып, орындалмаған жағдайда айыппұл салу керек. Лас орындарда жұмыс істеуге болмайды. Адамдар осы сауда орындарында азық-түлік алады ғой»,-деді Президент.
Сөз соңында Н. Назарбаев әкімдікке, Қаржы министрлігіне, Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігіне қалалық базарларды тиісті тәртіпке келтіруді тапсырды.