Президент Астанадағы пайдаланылмай бос тұрған спорт нысандарын ведомстволардан қайтарып алуды тапсырды

None
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астананы одан әрі дамыту бойынша өтіп жатқан кеңес  барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықпен пайдаланылмай бос тұрған спорттық нысандарды ведомстволардан қайтарып алу туралы тапсырма жүктеді.

«Біз қаладағы спортқа көп мән бердік, бірқатар нысандар салынды. ІІМ-нің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Кеден комитетінің, «ҚазМұнайгаз» бен «Қазақстан темір жолының» спорт кешендері бар. Бұлардың барлығы мемлекет қаражаты есебінен ұсталады. Солай бола тұра, неге бұларға жастар жіберілмейді? Кім бұған жауап береді», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент халық үшін салынған спорт нысандарының пайдаланылмай бос тұрғанына қатысты қала әкімі орынбасарының  жауабын тыңдады. «Бұл ведомстволық нысандар. Біз олармен жұмыс жасап жатырмыз. Велотрекке адамдарды тартып жатырмыз, үйірме ашпақпыз», -деді әкім орынбасары Аида Балаева.

«Қаланың балансындағы нысандардың барлығы пайдаланып жатқанға ұқсайды. Ал ведомстволық нысандарға келетін болсақ, Кәрім Қажымқанұлы, біз ұдайы профильдік емес нысандарды ведомстводан қайтарып алу туралы айтып жүрміз. Оның үстіне егер ондай нысандар жұмыс істемесе оларды қаланың балансына беру керек. Сол үшін осындай жұмыстармен айналысатын басқарма да құруға болады. Жалпы мұндай нысандарға мықты халықаралық менеджерлерді шақырып, солар арқылы да тартымды етуге болады», - деді Елбасы Премьер-Министрге қаратып айтқан сөзінде.