Президент атынан Сәрсенғали Әбдіманапов пен Ермек Жангелдинге мемлекеттік наградалар табысталды

АСТАНА. KAZINFORM - Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай жоғары білім саласының сарапшысы Сәрсенғали Әбдіманапов пен «Арт-Самал» көркем галереясының үйлестірушісі Ермек Жангелдин мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сәрсенғали Әбдіманаповқа «Парасат», Ермек Жангелдинге «Құрмет» ордені берілді. Бүгін мемлекеттік награда иелерін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов құттықтады.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ол Сәрсенғали Әбдіманаповтың білім беру саласын дамытуға, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға қосқан елеулі үлесін, сондай-ақ Ермек Жангелдиннің өнерді қолдау және насихаттау бағытындағы еңбегін атап өтті.

Өз кезегінде Сәрсенғали Әбдіманапов пен Ермек Жангелдин еңбектеріне берілген жоғары баға және мәдениет, өнер мен білім саласы өкілдеріне көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдау үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Парасат» ордені ғылымды, мәдениетті, әдебиет пен өнерді дамытуға сіңірген елеулі еңбегі, сондай-ақ елдің рухани және интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі үшін беріледі. Ал «Құрмет» ордені экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет пен білім беруді дамытудағы еңбегі, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін табысталады.

Айта кетейік, жеке жағдайларына байланысты марапат иелері бұған дейін Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты рәсімге қатыса алмаған болатын.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, жақындла Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды.