Президент ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауға қатысты тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технолонияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

«Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға әрі жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл- аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін», - деді Қ. Тоқаев.