Президент аймақтардың ықпалдастығын жандандыруды өзекті мәселенің бірі ретінде атады
БІШКЕК. KAZINFORM — Бұл ретте мемлекеттер басшылары Аймақаралық форумның келесі отырысын көп созбай өткізуге келіскен. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар келіссөздер барысында цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланған.
Тараптар экономика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақпараттық байланысты күшейтуге уағдаласты.
Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесіне айрықша тоқталды.
– Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану аймақтағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды факторына айналып отыр. Осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырған жөн деп санаймыз. Біз барлық келісімді мүлтіксіз орындауға және стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға баса мән берілді»
– Соңғы жылдары рухани байланысты жандандыру үшін көптеген іс-шара атқарылды. Былтыр Астанада құрметті Президентпен бірге Айкөл Манастың ескерткішін аштық. Бүгін Бішкекте бауырластығымыздың тағы бір нышаны – «Достықтың алтын көпірі» ескерткішін ашамыз. Мен мұны қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметі деп білемін. Құрметті Президентке және барша қырғыз халқына алғыс айтамын. Былтыр Қырғызстан Президентінің Қазақстанға сапары аясында екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ош қаласындағы филиалы ашылуда. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр. Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтеміз деп шештік. Кешеден бері Бішкекте Қазақстанның кино күндері, Үшінші жастар форумы өтіп жатыр. Мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын нығайта түседі. Кездесу барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Келесі жылы Қырғыз елінде 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дүбірлі доданың табысты өтуіне тілектеспіз, біздің жақтан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Айта етелік Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді.