Президент айтқан онкологиялық орталық Астанада салынуы қажет -Досқалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Академик Жақсылық Досқалиев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевың ғылыми онкологиялық орталықты құру тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Алматыда онкологиялық ғылыми-зерттеу институты бар. Бірақ бүгінгі заман талабына сай жабдықталған ғылыми орталықты ашқан дұрыс. Әлі есімде, аталған бастама төрт-бес жыл бұрын көтерілген еді. Орталық арнайы бағдарлама аясында Астанада салынады деген жоспар да болды. Бірақ неге екенін білмеймін, сол жағалауда онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы деп ашты», - деді Ж.Досқалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ғалымның айтуынша, онкология ғылыми орталығын бөлек салған жөн. Оған қойылатын талап та жоғары болуы қажет. Ал, ең бастысы, орталықты заман талабына сай жабдықтау керек.

«Қазір сәулелік диагностика, кибер-пышақ, гамма-сәуле дейді, осы іспетті құрал-жабдықтар қатерлі ісікке қарсы ем-домды сапалы түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде онкологиялық аурулар бойынша дәрі-дәрмектер жеткілікті. Енді, техникалық жағын күшейтуіміз керек. Мен ойлаймын, онкологиялық орталықтың болғаны дұрыс. Оған көрші елдердің азаматтары келіп, емделе алады. Сөйтіп,  медициналық туризмді де дамытамыз. Өткенде Байгенжин Абай Қабатайұлы (ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басшысы - авт.) Президентпен кездескенде осыны айтып, Астанада Үкіметтің қаражатына емес, инвесторлардың ақшасына салынса деген ұсыныс жасаған», - деп атап көрсетті Ж.Досқалиев.

Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында ғылыми онкологиялық орталықты құру міндетін белгіледі. «Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет», - делінген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Мемлекет басшысының Жолдауында.