Тоқаев балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуды қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу және т. б. мәселелерге тоқталды.

Фото: Freepik

— Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, — деді ол.

Сонымен бірге, Президент энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды екенін атап өтті.

— Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттер біздің пікірімізге құлақ асатыны жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.