Президенттің айтуынша, еліміз сапалы әрі қарқынды түрде өсіп-өркендеуі үшін азаматтарымыздың тәні де, жаны да сау болуға тиіс. Дәрігерлер осы ізгі мақсат жолында аянбай қызмет етіп жүр.
– Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Менің атыма күніне жүздеген хат келіп түседі. Азаматтарымыз өздерінің арыз-шағымын, ұсыныс-тілегін, сондай-ақ жылы лебізін білдіріп жатады. Бүгін Қарағанды облысының тұрғыны жуырда ғана жолдаған бір хатқа тоқталып өткім келеді. Онда оқыс жағдайға тап болған 4 жасар баланы облыстық аурухана дәрігерлерінің аман алып қалғаны жөнінде жазылған. Бүлдіршіннің жақын туыстары медицина мамандарының өз ісіне адалдығын ерекше атап өткен. Аурухана қызметкерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының басшыларына ризашылығын білдірген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған білікті маман Арғын Бидайбаев бүгін Ақордаға келді және Құрмет орденімен марапатталды. Ол қазір Қарағанды облысы Теміртау қаласының көпбейінді ауруханасының директоры болып еңбек етіп жүр.
Бала көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан құлап кеткен еді. Онда жабық бас-ми жарақаты тіркелген. Кейін іш қуысына байланысты асқынулар туындап, хирургтердің араласуына тура келген. Қолы мен сүйектерінде бірнеше сынық болды.
– Мұндай жарақатта травматолог, хирург, нейрохирург, сондай-ақ міндетті түрде реаниматолог пен анестезиологтан құралған мультидисциплинарлық топ жедел түрде жасақталды. Ота өте күрделі әрі ұзаққа созылды. Барлық қажетті шаралар жоғары деңгейде атқарылып, балаға мұқият күтім жасалды. Қазір бүлдіршін өздігінен жүріп-тұрады, сөйлейді және оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының қолынан марапат алу – мен үшін зор құрмет. Көңілімді қуаныш пен толқу қатар билеп тұр. Бұл – менің еңбегіме ғана емес, бүкіл Қарағанды облысының, күн сайын науқастардың өмірі мен денсаулығы үшін еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген құрмет, – деді Арғын Бидайбаев.
Айта кетейік, Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.
Президент бір топ медицина қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.