Президент барлық деңгейдегі мәслихаттарды мерзімінен бұрын таратады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңес өткізбек. Президенттің айтуынша, тиісті шешімнен кейін Орталық сайлау комиссиясы жаңа мәслихаттар сайлауының күнін жариялауы керек. Бұл қадам жергілікті өкілді органдардың білікті әрі кәсіби құрамын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Фото: Ақорда

Президент сөз басында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айтқан еді. Енді осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүру керек.

— Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды, — деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды.

Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды.

— Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек, — деп тапсырма берді Президент.

Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді.

— Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін, — деді Қ. Тоқаев Халық Кеңесінің мүшелеріне.