Президент Бас прокуратураға сайлау туралы заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокуратураға сайлау туралы заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Президент бұл тапсырманы бүгін "Нұр Отан" ХДП орталық аппаратының ғимаратында Республикалық сайлауалды қоғамдық штабтың мүшелерімен кездесуінде берді.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Елбасы сайлауалды кезеңде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін ескертті. «Барлық деңгейдегі әкімдердің назарын сайлау заңнамасын сақтау қажеттігіне аударамын. Мемлекеттік биліктегі барлық органдар тек өз істерімен айналысып, сайлау науқанына араласпауы тиіс. Бас прокуратураға заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуді, сайлау туралы заңнаманың бұзылған фактілері туралы шағымдар мен өзге де арыздарға жедел назар аударуды тапсырамын. Қандай да бір құқық бұзушылық орын алған жағдайда жедел тәртіп бұзудың жолын кесіп, ондай кезде қажетті принципшілдікті көрсетулері керек», - деді Мемлекет басшысы.