Президент баспана құнын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін зауытты іске қосуға рұқсат берді

None
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін «Индустрияландыру күні» аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жалпыұлттық телекөпір барысында Қарағанды облысында темір-бетон өндіру өндірісін іске қосты.

«ККК Бетон» ЖШС мәліметіне қарағанда, аталған өндірісті жүзеге асыруда әлемдік үздік тәжірибе зерделенді. Зауытта тұрғын үй, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы құрылысына қажетті өнімдер шығарылады. Осы орайда зауыт өнімдері құрылыс мерзімі мен шығыстарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

«Бұл өте маңызды кәсіпорын. Қазіргі кезде халық үшін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Барша Қазақстанда бүгінде құрылыс крандары құрылып, құрылыс жұмыстары жүруде. Сондықтан да біз неміс технологиясы бойынша осы комбинаттарды Германиядан алдық. Бұл комбинаттардың құрылысы баспана құнын 15-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде осы өнімдер жеңіл, энергия үнемдегіш технологияға негізделген», - деді Елбасы.