Президент бастамаларына арналған резервті бөлу қағидалары жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Президент бастамаларына арналған резервті бөлу қағидалары Бюджет кодексінің 18-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Президент бастамаларына арналған резервті бөлу тәртібін айқындайды.
— Президент бастамаларына арналған резерв Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын және Президенттің басқа да бастамаларын іске асыруға байланысты қаржы жылында күтпеген және кейінге қалдырмай қаржыландыруды талап ететін шығындарды қаржыландыруға арналған трансферттер түсімдерін есепке алмағанда, кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірістерінің жоспарланатын көлемінің кемінде 1,5 және 3 пайызынан аспайтын мөлшерде жоспарлы кезеңнің бірінші жылына арналған республикалық бюджет құрамында қалыптастырылады, — делінген құжатта.
Президентінің бастамаларына арналған резерв бюджетін жоспарлау орталық уәкілетті орган әкімшілендіретін бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді және қаржы жыл ішінде бөлінеді.
Сонымен қатар Президент бастамаларына арналған резервтен бөлінген қаражатты пайдалану Бюджет кодексінің талаптарына, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын бюджеттің қазынашылық атқарылуы және оларға кассалық қызмет көрсету рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Одан бөлек Президент бастамаларына арналған резервтен бөлінген ақша қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған жағдайда тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Президент бастамаларына арналған резервті қалпына келтіру арқылы бөлінген ақшаны жылдың 20 желтоқсанына дейін қайтаруды қамтамасыз етеді.
Тағы бір жайт бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Президент Әкімшілігіне Президент бастамаларына арналған резервтен ақшаның пайдаланылуы және оның қалдықтары туралы ақпаратты ай сайын ұсынады.
Үкімет қаулысы 2025 жылғы 20 шілде күні күшіне енеді.