Президент Бес әлеуметтік бастамада баспана неліктен бірінші қойылғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастамада баспана мәселесін неліктен бірінші қойғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірден атап өтейін Бес әлеуметтік бастама - бұл қарапайым халыққа қатысты бес маңызды әлеуметтік мәселені шешу жолы. Ассамблеяның мүшелері өзге де қазақстандықтар секілді осы бағдарламаның мазмұнын біледі. Сондықтан, тек қағидатты тұстарын атап өтейін», - деген Президент Бес әлеуметтік бастаманың алғашқысы туралы кеңірек тоқталды.

Президенттің айтуынша, бірінші бастама - үйі жоқтарға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігі мәселесін шешеді.

«Әл-ауқатты өмір сүру бағытында баспананың қаншалықты маңызды екенін білеміз. Осы бағдарламаны сондықтан да бірінші орынға қойдым. Жаңа шарттар бойынша ипотека алу мүмкіндігіне әрбір жұмыс істеп жүрген қазақстандықтың ие болуы аса маңызды. Біз бәрін есептедік. Елу-алпыс шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді алып, ипотека арқылы төлеу үшін екі адам жұмыс істесе отбасының бюджетіне аз жүктеме түседі. Яғни, олар 25 жылға созылған ипотеканы төлей алады. Бұған қоса, алғашқы жарна бұрынғыдай 50 пайыз емес, 20 пайыз болады. Бұл - біздің миллиондаған тұрғындарымыз үшін жасалып отыр. Әсіресе жастар отбасы жұмыс атқарып, осы бағдарлама арқылы баспана ала алады», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өтіп жатыр.

«Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар.

Сессия соңында салтанатты концерт өтеді.