«Коронавирустың жаңа толқыны жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды», - деді Мемлекет басшысы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде.
Президент вирус қазақстандықтардың ең нәзік тұстарына соққы болып тиіп жатқанын атады.
«Бұл күресте біздің аға буын зардап шегуде, бұдан да жаманы – балалар індетке шалдығуда. Өзіңізді және жақындарыңызды осы қауіптен қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. Әлемдік медицина әзірге бұдан басқа әдістерді ұсынған жоқ және жақын болашақта ұсынуы екіталай», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, вакцина – бұл өзімізді және отбасымызды қорғаудың жалғыз мүмкіндігі.
«Біздің балалар біздің қателіктеріміз үшін ақы төлемеуі керек! Бейбіт уақытта жақындарымызды жоғалтпауымыз керек. Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал, Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруға тиіс», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.