Президент Бибісара Асаубаеваны халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы Бибісар Асаубаеваны Халықаралық арулар күнімен құттықтады. Бұл жайында шахматшы өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Видеодан алынған кадр instagram.com/bibisarachess

«Кім құттықтап үлгерген?» деп сұрады шахматшыдан оқырмандарының бірі.

«Президент», - деп жауап қатқан Бибісара Асаубаева желіге жеделхат пен гүл шоғының суретін салды.

«Құрметті Бибісара Ерханқызы! Шұғылалы көктем мерекесімен бірге жан дүниеңіз жадырап, көңіліңіз көркейе берсін. Айналаңызға қуаныш пен шаттық сыйлап, әрдайым ыстық ықыласқа бөленіңіз. Шуақты күндеріңіз көп болсын. Сізге зор денсаулық және бақ-береке тілеймін» делінген Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау лебізінде.

19 жастағы Бибісара Асаубаева - блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы. Екі жыл бұрын 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанған ол Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Екінші мәрте чемпион атағын өткен жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен әлем чемпионатында жеңіп алды.

Одан бөлек, жуырда ғана жерлесіміз Мәскеуде өткен «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде блицтен әйгілі гроссмейстер Сергей Карякинді жеңді.