Президент бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Ақорда» резиденциясында төрт мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің, сондай-ақ Еуропа Одағы өкілдігі басшысының Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысына Франция елшісі Сильван Гиоге, Еуропа Одағының елшісі Алешка Симкич, Финляндия елшісі Янне Хейсканен, Канада елшісі Кристофер Дагган, Бразилия елшісі Марсель Фортуна Биато сенім грамоталарын тапсырды.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілермен жүздесу барысында Қазақстан бейбіт дипломатия қағидатын ұстанатын ел екенін әрі халықаралық аренадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымымен жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейіл екенін растады.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.