Президент БҰҰ мінберінен экологиялық маңызды мәселені көтерді — депутат

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Адамзат болашағымызға нұқсан келтіретін өзекті мәселелерге назар аударуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясының Жалпы дебатындағы сөзінен кейін Jibek Joly арнасында Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан мәлім етті.

— Қазақстан Президенті қазір адамзат экологиялық проблемаларға тиісті деңгейде мән бермей отырғанын атап өтті. Бұл тұрғыда су мәселесі күрделі гуманитарлық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, БҰҰ мінберінен Мемлекет басшысы Алатау мұздықтары тез ери бастағанына, Каспий теңізі күннен күнге тартылып бара жатқанына ерекше екпін қойды. Сондықтан барша адамзат соғыс пен қақтығысты доғарып, болашағымызға нұқсан келтіретін өзекті мәселелерге назар аударуы керек, — деді А. Құспан.

Осы орайда депутат Қазақстан Президенті Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынғанын еске салды. 

— Еліміздегі «Таза Қазақстан» стратегиясы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзге де бастамалардың ауқымы кең. БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың болашағына қатысты дабыл қақты. Бұл бағытта қазір Қазақстан мен Орталық Азия өңірі барша әлемге өзінің оңтайлы тәжірибесін байқатып отыр, — деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды.

Мұнымен қоса Мемлекет басшысы Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдау керек екенін атап өтті.