Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның ұстанымын анық байқатты – Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында маңызды сөз айтып, жаһандық күн тәртібіне қатысты көзқарасын білдірді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Тelegram парақшасында жазды.
Президент қазіргі әлемдік дамудың терең үрдістерін айқындап көрсеткенін атап өтті. Бұлардың қатарында сенім дағдарысы, халықаралық құқықтың әлсіреуі, милитаризация, климаттың өзгеруі, технологиялық алшақтық қаупі бар.
- Аталған үрдістер жөнінде қазір түрлі саясаткерлер мен сарапшылар айтып жүр. Алайда Мемлекет басшысы бұларды жеке-жеке мәселе ретінде емес, әлемдік қауымдастықтан жүйелі әрі тиімді шешім талап ететін іргелі сын-қатерлердің біртұтас кешені ретінде қарастырып отыр. Президент биылғы Жолдауда атап көрсеткен БҰҰ реформасының ауқымды жоспарын ұсынды. Онда негізгі басымдық Қауіпсіздік Кеңесіне беріліп отыр. Атап айтқанда, Кеңесті Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері есебінен ротациялық негізде кеңейту, сондай-ақ орта державалардың рөлін күшейту қамтылған, - деді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар БҰҰ Жарғысын жаңарту, ядролық қарусыздануды қайта жандандыру, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін құру секілді өзекті тақырыптар көтерілді.
- Президенттің баяндамасынан жаңа жаһандық консенсусты, сенім мен ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке, теңгерім мен ынтымақтастыққа, құқықтың берік сақталуы мен ортақ ынтымаққа негізделген жаңа әлемдік тәртіп архитектурасын қалыптастыру идеясы айқын көрінді. Маңыздысы Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның халықаралық қатынастардағы мықты да жауапты субъект, дипломатия мен транзитте, энергетика мен технологияда алтын көпірге айналған ел ретіндегі әлеуеті мен ұстанымын анық байқатты, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кетейік, Қазақстан Американың бизнес капитандарымен бірқатар келісімге қол жеткізді.