Президент БҰҰ-ның 80 жылдық еңбегін әлемнің есіне салды — Айгүл Құспан

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты, Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта халықаралық қауіпсіздік туралы айтқан пайымдарының астарына тоқталды.

— Бұл Біріккен Ұлттар ұйымын жақтап сөйлеген ауқымды мәлімдеме болды. Президент кейінгі 80 жыл бойы БҰҰ-ның күш салуының арқасында адамзат ядролық қауіптің бетін қайтарып, бітімгерлікті дамыта алғанын атап өтті. БҰҰ арқасында бүкіл адамзат болып орнықты даму үшін күресіп, адам құқықтарын қорғай алғанымызды еске салды. Ол қазір осы бірегей ұйымды қорғап, үздік кейпінде сақтап қалудың теңдессіз мүмкіндігі бар екенін айтты. Бірақ ол үшін БҰҰ-да қазіргі талаптарға сай болып, үміттің символ болып қала беру керектігін сөз етті. Өйткені көптеген халық үшін БҰҰ шынымен де үміттің символы, — деді Мәжіліс өкілі.

Оның сөзінше, халықаралық құқықты бұзу қалыпты жағдайға айналған қазіргі кезеңде БҰҰ-ны күшейту маңызды.

— Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау қажеттігіне тоқталды. Ол реформаның нақты тетіктерін атамаса да, БҰҰ бүкіл құрлықтардағы елдердің үні естілетін ұйым болатындай өзгерістен өту қажеттігін атады. Осыған байланысты Африка мен Латын Америкасын, Азияны атап өтті. Осы құрлықтардағы көптеген елдің БҰҰ-да даусы ескеріліп жатқан жоқ. Қазақстан сияқты орта державалардың үні БҰҰ-да естілуі керектігін айтты.
Мен үшін Президенттің бүгін сөйлеген сөзі Біріккен Ұлттар ұйымын жақтап сөйлеген жалынды мәлімдеме болды. Мен соны күттім де. Бұл ұйымды қазір өте көп сынап кетті. Бірақ бұл ұйымның кейінгі 80 жылда тындырған шаруасы да көп. БҰҰ-ны сақтап қалу керек. Өйткені адамзат орнына басқа сәтті ештеңе ұсына алып отырған жоқ, — дейді депутат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясының Жалпы дебатының ашылуына қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк төрінде БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін Jibek Joly арнасы тікелей эфирде көрсетті.

Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінің толық нұсқасын жариялады.