Президент: Біздің этникалық әралуандылығымыз — стратегиялық артықшылығымыз

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Алмағайып заманда стратегиялық бағдарға сай әрекет ету — Қазақстан халқының алдында тұрған аса маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осындай пайым айтты.

— Кейбір мемлекет үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз. Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген біртұтас ұлт екенін атап өтті. 

— Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз, — деді Тоқаев.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр. Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».