— Құрылтай — жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осындай маңызды сәтте тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығын білдірді.
— Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер. Жаңа кезең — жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алдында қандай міндет тұрғанын атады.