Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Партия жанында түрлі кеңестер мен комиссиялар баршылық. Оларда дәл сол мәселелер қайталанып талқыланып келеді, алайда нақты шешімдер сирек қабылданады
Президенттің пайымынша, депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыстарының қорытындысы бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуі тиіс.
«Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Қажет болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек», – деді партия Төрағасы билік партиясының кезектен тыс съезінде.