Президент Дін істері жөніндегі агенттік құру қажеттігін айтты

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дін істері жөніндегі агенттік құруды тапсырды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бізге дін істері жөніндегі агенттік құру қажет. Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп келісілген ұсыныстар беруді тапсырамын», деді Президент бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында сөйлеген сөзінде.

 Елбасының айтуынша,  адамдарды қандай да бір жат дінді қабылдауға мәжбүрлемеу қажет. Бұған діндердің өзі тыйым салады. «Сондықтан жастарға айрықша назар аудару қажет. Бүгінде бірқатар қазақстандық жастар шет елдерде діни білім алуда. Олардың шынайы дінге ешқандай да ортақ қатысы жоқ экстремистік идеялардың ықпалына түсіп жататын жағдайлары да кездеседі. Біздің маңызды конфессияларымыз мемлекеттік органдармен ынтымақтаса отырып, дінге сенуші жастармен белсенді жұмыс істеп, оларға шынайы діни білімді алуға көмектескені жөн болар еді», деді Елбасы.