Жаңа Орлеандағы қайғылы оқиға. Президент Джозеф Байденге көңіл айтты

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Джозеф Байденге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

— Мемлекет басшысы Жаңа Орлеан қаласындағы қайғылы оқиға салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, АҚШ Президенті мен жақынынан айырылған отбасыларға өзінің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтты. Сонымен қатар Президент зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, мұндай қастандық әрекетті қатаң айыптайтынын жеткізді, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласының орталығындағы Бурбон көшесінде қайғылы жағдай болды. Көлік тізгіндеген қылмыскер Бурбон көшесінде жаңа жылды тойлауға жиналғандардың бірнешеуін қағып кеткен. Содан кейін ол көлігінен түсіп, адамдарға оқ жаудырған. Жантүршігерлік оқиғадан 15 адам қаза тауып, 35 адам жарақат алды.