Президент: Электрондық Парламентті дамытуға басымдық беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылтайдың технологиялық прогрестің жетекші факторы боларына үміт білдірді. Депутаттар заң шығару қызметінде цифрлық технологиялар мен Үлкен деректерді кеңінен қолдануы тиіс екенін мәлімдеді.

Фото: Ақорда

Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Президент толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерді.

— Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында.

Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек.

— Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет.

— Бұл — азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз, — деп түйіндеді Президент.

Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі.

Ата заңның 94-бабына сәйкес, Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.

Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 95-бабында 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтататыны жазылған.

Ал Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.