ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теннистен ұлттық әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакинаны туған күнімен құттықтады.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Мемлекет басшысы спортшыға құттықтау хат жолдады.
«Уимблдондағы және басқа да беделді халықаралық жарыста тамаша жеңістеріңізбен қазақстандық теннис тарихы беттерінен ойып орын алдыңыз. Алдағы уақытта да жанкүйерді керемет ойыныңызбен және жаңа жеңістеріңізбен қуантып, дене шынықтыру мен спортты дамытуға және ілгерілетуге үлес қосатыныңызға сенімдімін. Сізге зор денсаулық пен құт-береке тілеймін» делінген онда.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Е.Рыбакина бүгін 25 жасқа толды.
Бүгін — сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бубликтің де туған күні. Ол 27 жастың биігіне шығып отыр.
Осы аптада Е.Рыбакина Берлинде, А.Бублик Галледе өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Берлинде Нидерландтағы турнирдің чемпионымен кездесуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).