АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент еліміздің автокөлік жолдарының сапасы мен оны күтіп ұстауға жауап беретін бірыңғай операторды құру керектігін айтты. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпірде мәлім етті.
«Үкімет барша еліміздің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, күтіп ұстауға толық жауап беретін бірыңғай операторды құру туралы ойлануы керек. Мәселен, бізде биыл жол салсақ, келесі жылы жолдарда шұңқырлар пайда болатын жағдайлар кездеседі. Бұдан кейін тағы жолды жаңартамыз. Осындай жағдайларға жол берілмеуі тиіс», - деді Президент жауапты ведомстволарға қаратып айтқан сөзінде.
Мемлекет басшысы салада жұмыс істейтіндер жол сапасы бойынша жауапкершілікті ұмытпауы тиіс екенін қадап айтты.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.