- Мемлекет пен жеке серіктестік – экономикаға инвестицияның келуін ынталандыратын маңызды құралдың бірі. Бұл тетікті оңтайлы пайдалана алсақ, инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге мүмкіндік туады. Бірақ еліміздегі мемлекет пен жеке серіктестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымдық жобалардың көбі бұрынғыдай тікелей бюджет қаржысына тәуелді. Жеке капитал, банк секторы және халықаралық қаржы ұйымдары оған айтарлықтай атсалыспайды. Бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай тәсіл көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр.
- Әлбетте, кез келген қаржы құралы сияқты мемлекет пен жеке серіктестіктің де өз құны бар. Алайда, ол өзін-өзі ақтаса, Үкімет аталған механизмді белсенді қолданғаны жөн. Қажет болса, заңнамаға да тиісті өзгеріс енгізуге болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президент мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажеттігін айтқан еді.