Президент елордадағы үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегінің қызметімен танысты

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM - Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке қаланың энергетикалық инфрақұрылымының даму барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бүгінде үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін, қосымша қуаты сағатына 1100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Биыл «Тұран» стансасының екінші кезегін толығымен аяқтау, сондай-ақ «Телман» стансасы мен екінші ЖЭО-ны кеңейту және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр. Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру 2035 жылға дейін жоспарланған қосымша жылу энергиясын алуға мүмкіндік береді.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары көрсетілді.

Мемлекет басшысына үшінші ЖЭО-ның табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді. Қазіргі уақытта үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Ақорда

Президент Астананың энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.

Осыған дейін президент су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек екенін айтты.