«Бейбітшілік пен келісім сарайынан жаңа вокзалға дейін созылған елордамыздың стратегиялық өсі бір үлкен және жайлы жасыл саябаққа айналуы тиіс. Соған орай жақын маңдағы бүкіл көшелер мен аулаларды жақсарту және абаттандыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, әлеуметтік нысандардың құрылысына және мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастар үшін қолайлы орта құруға көңіл бөлу маңызды.
Көпорталықты тәсіл аясында Мыңжылдық аллеясы бизнес пен қала тұрғындары үшін жаңа тартымды мекенге айналуға тиіс.
Кезекті ұсқынсыз түнемел ауданға айналмауы керек.
«Жалпы, елорданың Жағалау шағынауданы және Тұран даңғылының батысында құрылыс нысандары сияқты жаңа аудандар мүлдем абаттандырылмаған. Көшелер жарықтандырылмаған, тротуарлар атымен жоқ, саябақтар мен алаңдарды айтпағанның өзінде мұнда қоғамдық кеңістіктер де жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.