Президент есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспарды жаңартуды тапсырды

Фото: Фото: ҰҚК

БУРАБАЙ. KAZINFORM –  Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспарды әзірлеуге қазірден бастап кірісу керек.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осындай тапсырма берді.

- Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Жаңа құжатты дайындауға қазірден бастап кірісу керек. Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент жат діни ағымдардың жетегіндегі жастардың мәселесіне тоқталды.

- Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.