Президент: Германия - халықаралық аренада беделді мемлекет

АСТАНА. KAZINFORM — Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қазақстан мен Германия арасындағы 35 жыл ішінде жүріп өткен жолды және мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытудың перспективаларын қалай бағалайтыны сұралды, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Ақорда

– Біз жүріп өткен жолды жеткілікті жоғары бағалаймыз. Белгілі болғандай, жолды жүрген адам еңсереді. Біз жеткілікті қиын жолдан өттік, үлкен жетістіктерге жеттік. Германия, өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде үлкен құрметке ие. Біз бұл елді жақсы көреміз және құрметтейміз, оның жетістіктерін, ең алдымен экономикадағы, сондай-ақ басқа да салалардағы жетістіктерін лайықты бағалаймыз.

Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен бұл елге үлкен үмітпен, жаңа келісімдерге қол жеткізу мақсатында зор сеніммен келдім. Біз бұл келісімдерге қол жеткіздік, ендігі міндет – оларды тиісті деңгейде жүзеге асыру және орындау.

Сондықтан болашаққа көзқарасым жеткілікті түрде оң. Біз бұдан да үлкен жетістіктерге жететінімізге толық сенімдімін. Өйткені екі тарапта да осындай жетістікке жетуге деген ниет бар.

Келіссөздер барысында мен канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанымды айттым. Біз бұл сапарға дайындалатын боламыз. Өйткені сапарлар жай ғана барып-қайту үшін емес, жаңа уағдаластықтарға қол жеткізу және ең күрделі мәселелер бойынша өзара түсіністікке келу үшін жасалады.

Президент Штайнмайердің сапары және Германияның құрметті канцлерімен жүргізілген келіссөздер барысында осындай өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Осы жерде көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіремін. Менің барлық үмітім ақталды. Біз, әрине, бұдан әрі де осы ұлы ел – Германиямен қарым-қатынасты, ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істейтін боламыз, - деді Президент.

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Бірлескен декларация қабылдаған еді.