Президент Гонконгпен құқықтық көмек туралы келісім жобасын бекітті

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Гонконг арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасын мақұлдады. 

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 8-бабы 1) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.

— Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Гонконг арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын, — делінген Президент Жарлығында.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілді.

Келісім жобасы қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру, қудалау және сот талқылауы барысында өзара құқықтық көмек көрсету тәртібін айқындайды. Атап айтқанда, құжаттар табыс ету, дәлелдемелер алу, адамдарды шақыру және уақытша беру, мүлікті іздестіру мен тәркілеу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді қайтару тетіктері көзделген.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Президент цифрландырудың кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойды.

Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдар «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлықта көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайды деген еді.