Президент Ислам даму банкінің басшысы Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Әңгіме барысында ел экономикасының өсімін ынталандыру мақсатында өзара тиімді ынтымақтастық құру перспективалары талқыланды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ислам даму банкі Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жолында сенімді серіктес болып келе жатқанына назар аударды.

Фото: Ақорда

Банкпен ынтымақтаса жұмыс істеген жылдар ішінде жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтайтын 70-тен астам бірлескен жоба жүзеге асырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған банкпен арадағы стратегиялық негізгі келісімнің жаңаруын құптады.

Оның аясында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржылай қолдау шарттары қарастырылған.

Фото: Ақорда

Өз кезегінде Мұхаммед Сулейман әл-Джассер бірлескен жобалардың жүзеге асырылуын оң бағалап, Қазақстан экономикасын әртараптандыру ісіне одан әрі атсалысуға дайын екенін жеткізді.