Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілеттігін кеңейтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 14 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Құжатқа сәйкес:
— Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі — Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржылық мониторинг жүргізетін және өзге де шараларды қабылдайтын, сондай-ақ осы органның құзыретіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган, — делінген Жарлықта.
Агенттік өз құзыреті шегінде шешім қабылдауда дербес, сондай-ақ облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада аумақтық органдары мен мамандандырылған мемлекеттік мекемесі және өзінің қарамағындағы ұйымдары бар.
Ережеге келесі қосымша функциялар енгізілді:
— агенттікке бағынысты ұйымдарға ақпараттық жүйеден деректер, мәліметтер және өзге де құжаттарды беру қағидасын бекітеді;
— кезектен тыс аттестаттауды өткізу тәртібін, кезеңі мен мерзімін айқындайды;
— құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп психологиялық-әлеуметтік зерттеулер жүргізудің тәртібі мен әдісін бекітеді.
Сонымен қатар, жаңа редакцияда агенттіктің бірқатар функциясы жазылған:
— заңға сәйкес қаржылық мониторингке жататын ақша немесе өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды және пайдалануды жүзеге асырады;
— агенттіктің қызметін ұйымдастырады және басшылық етеді, агенттіктің аумақтық органдары мен мамандандырылған мемлекеттік мекемесінің, сондай-ақ агенттікке бағынысты ұйымдардың қызметін үйлестіру және бақылауды жүзеге асырады;
— қызметке үміткердің кәсіби құзыретін, негізгі көрсеткіші мен бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтинг) айқындау тәртібі мен әдісін бекітеді.
Жарлық 2025 жылғы 17 шілдеде қолданысқа енгізілді.
Айта кетсек, 20 маусымда Президент сот актілерін мәжбүрлеп орындату бойынша ақпарат алмасу туралы Жарлыққа қол қойды.