Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді

АСТАНА. KAZINFORM – Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізгенін хабарлады.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ыстық ықыласы үшін Германия Канцлеріне ризашылығын білдірді.

Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.

Екі ел үкіметтері өзара ықпалдастықты кеңейтуге барынша жағдай жасайтыны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Германия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің және жетекші инвесторлардың қатарына кіреді.

Өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау, химия өнеркәсібі секілді қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын салаларда серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, тараптар көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Халықаралық құрылымдар, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Бірлескен декларация қабылдады.