Президент: Каспийдің суын сақтау үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек
АСТАНА.KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Иран бизнес форумында Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалуға баса мән берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Каспий теңізінің тағдыры – өте өзекті мәселе. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бәрімізді алаңдатып отырған мәселені шешу – бес елдің ортақ міндеті. Бұл іске халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын тартқан жөн. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Осы орайда, Каспийдің суын сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдап, бірлесіп әрекет етуіміз керек. Оған қоса, Қазақстан делегациясы келесі жылы Тегеранда өтетін VII Каспий саммитіне қатысуға ниет білдіріп отыр. Еліміз алдағы екі жылдың ішінде IV Каспий экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Аталған іс-шаралар Каспий теңізіне қатысты түйткілді жан-жақты қарап, тиімді шешім табуға септігін тигізеді. Ирандық әріптестерімізді осы бастамаларға белсене атсалысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті.
– Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Сондай-ақ жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істелуде. Алдағы үш жылдың ішінде нағыз цифрлық ел боламыз деген айқын мақсатымыз бар. Осыған орай, аймақта бірінші болып Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырмыз. Менің Жарлығыммен Алатауға даму қарқыны озық қала мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Біз осы бағытта Иран компанияларымен тығыз байланыс орнатамыз деп сенеміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иран жаңа ықпалдастық кезеңіне қадам басқанын, елдеріміз сауда, инвестиция, логистика және технология салаларындағы экономикалық серіктестіктің негізін қалап жатқанын айта келіп, бұл форум екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға айрықша серпін беретініне сенім білдірді.