Президент: Каспийдің тартылуына қарсы шаралар әзірге жеткіліксіз

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына қарсы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Каспий экология саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін мысалға келтіріп, теңізді сақтауға бағытталған шаралар әзірге жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде айтты.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Мемлекет басшысы орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар келтірді.

— Біз Солтүстік Арал теңізінің айдынын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде судың сапасы жақсарып, балық қоры қайта қалпына келді. Теңіз маңындағы аумақтардың тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Биоалуантүрлілікті сақтау — экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының популяциясы сақталып отыр. Жануарлардың сирек түрлері табиғи ортаға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін қолдануға болады деп ойлаймыз. Біз Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарламаны қолға алдық. Осы орайда, бірнеше Амур жолбарысын елімізге жерсіндіруге бергені үшін Президент Владимир Путинге және Ресей Федерациясының Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Қазір олар жергілікті табиғат жағдайына ойдағыдай бейімделуде, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент Каспий ынтымақтастығының берік халықаралық құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді. 

— Тегеран конвенциясының мәні зор. Биыл оның күшіне енгеніне 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қорғау жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе, Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзірге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлесімді әрекетке көшетін уақыт келді, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті ойдағыдай ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтқанын жаздық.