Бұл жолғы Жолдау Парламент палаталарының жаңа бірлескен залында өтіп жатыр.
Жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам өкілдері және еңбек ұжымдары қатысады.
Бұған дейін Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму келешегімен байланысты мәселелер қамтылатыны айтылған болатын.
Республикалық телеарналар Жолдауды тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Еске салайық, Президент былтырғы Жолдауын «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген тақырыппен жариялаған болатын. Сол құжатты іске асыру аясында бірнеше министрліктің құрамы қайта жасақталып, Су және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Экология және табиғи ресурстары министрліктері құрылды. Аталмыш Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан Ұлттық гидрогеология қызметі жасақталды.
Жолдау аясында Үкімет Орта дәлізді дамыту жөніндегі Жол картасын іске асырып жатыр. Бұл дәліз арқылы келешекте жылына 10 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады деген болжам бар.
Сондай-ақ, Үкімет биыл өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін заңнаманы жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, жеңілдетілген қаржыландыруды бөлу және отандық өндірісті ынталандырудың жаңа құралдарын енгізу жөнінде шаралар қабылдады.
Ал «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бір арнаға тоғыстырылып, Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылданды.