Президент: Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отыр. Бұл туралы Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Фото: Ақорда

— Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын қолдайтынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия — Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Ұйым ең басты құндылығы — өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын «Шанхай рухын» сақтап қалды. Қазақстан Президенті бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде бағалайтынын айтты.

Қазақстан Президенті келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына тоқталды. Бұл ретте саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды.

Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризм саласының дамуына айтарлықтай серпін берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 47 пайызға көп.

— Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді, — деді Мемлекет басшысы.